ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 32 қылмыскер Қазақстан аумағында ұсталды
Бұл туралы бүгін елордада ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов мәлім етті.
«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 32 қылмыскер Қазақстан аумағында ұсталды», деп атап өткен оның айтуынша, олардың 17-сі - Ресейдің, 5-еуі - Украинаның, 5-еуі - Өзбекстанның, 3-еуі - Қырғызстанның, тағы 2-еуі Әзірбайжан мен Түрікменстанның азаматтары екен.
«Мәселен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері Ақтау қаласында РФ азаматының қолдан жасалған төлқұжатымен жүрген Украинаның Ромный қаласының 35 жастағы тұрғынын ұстаған. Ол ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қасақана кісі өлтіргені үшін мемлекетаралық іздестіруде жүрген болатын. Сонымен қатар оған Украина мен Ресей аумағында тапсырыс бойынша кісі өлтірген деген күдік келтіріліп отыр», деді Қ.Жұманов.
Министрліктің ақпаратына қарағанда, украиндық азамат ұзақ уақыт бойы Шешенстанда тұрған. Ағымдағы жылдың маусым айында басқа анкеталық мәліметтермен Қазақстан аумағына келген.