ТМД-ға мүше-елдердің ІХ «Кітап өнері» халықаралық конкурсының халықаралық қазылар алқасының отырысы өтеді
АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 24-25 мамырында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен ТМД-ға мүше-мемлекеттердің ІХ «Кітап өнері» Халықаралық конкурсының Халықаралық қазылар алқасының отырысы өткізіледі.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Халықаралық қазылар алқасының отырысына Әзірбайжан, Армения, Украина, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь өкілдері қатысады.
Конкурстың мақсаты мынадай аталымдар бойынша үздік кітаптарды таңдау: «Достастық», «Менің елім», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар», «Мәдениет. Ғылым. Білім», «Арт-кітап», «Достастықта басып шығарылған» және «Кітап өнері» Халықаралық конкурсының ГРАН-ПРИІ. Жеңімпаз кітаптар - ұлттық кітап шығаруда, халықаралық кітап қауымдастығында конкурстық жылдың маңызды уақиғасы болған бірегей, әмбебап тақырыптағы іргелі басылымдар.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттаудың салтанатты рәсімі қыркүйек айында Мәскеу халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында өтеді.
Конкурстың жеңімпаздары атанған кітаптар Мәскеу халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде көрсетілгеннен кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және оның органдары қызметін насихаттау және Достастық тарихи мұражайын толықтыру мақсатында ТМД Атқару комитетіне беріледі.