ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары бірлескен мәлімдеме жасайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов ТМД СІМ кеңесінің кезекті отырысына қатысады. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары бірлескен мәлімдеме жасайды

«ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов 5 сәуірде Мәскеуде Түрікменстанның төрағалығымен өтетін ТМД СІМ кеңесінің кезекті отырысына қатысады. Іс-шара аясында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы саяси ведомство басшылары халықаралық және өңірлік күнтәртіптегі кең ауқымды мәселелерді, Достастық аясындағы ынтымақтастықты дамыту, соның ішінде ғылыми зерттеу, гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды одан ары нығайту мәселелерін талқылайды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы әріптестікті жандандыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы және 2019 жылға арналған ТМД аясындағы көпдеңгейлі сыртқы саяси кеңестердің жоспары қабылданбақ. Мұнан өзгеде бірқатар құжат қаралмақ.

«Сыртқы ведомство басшылары 1941-1945 жылғы екінші дүниежүзілік соғыстың әскери жерлеу орындары мен әскери ескерткіштерді сақтау және тиісінше күтіп ұстау қажеттігі туралы өтінішті, сонымен қатар аталған соғыстың басталуының 80 жылдығына орай ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының мәлімдемесі жобасының мәтінін қарайды деп күтілуде», - деді А.Смадияров.