ТМД-ға мүше мемлекеттердің әскерилері арасында чемпионат басталды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттер армияларының табельдік қарудан оқ ату және офицерлік үшсайыс бойынша чемпионаты жалауын көтерді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Чемпионатты ашқан ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев аталған жарысты «достастық армиялардың әскери-спорттық өміріндегі айтулы оқиға» деп атап өтті.
«Осындай жарыстар халықаралық спортты дамытудың көпірі ретінде Достастық елдері арасындағы байланысты және «спорттың әскери-қолданбалы түрі оның ішінде табельдік қарудан оқ ату және офицерлік үшсайыс әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын нығайтуға мүмкіндік жасайды», - деді М Дүйсекеев.
Қатысушылар алдында, сондай-ақ, ТМД- ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері Кеңесі жанындағы спорт комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Армия спорт клубының бастығы полковник Ерлан Таласбаев сөз сөйледі.
Үш күн бойы Қырғызстан, Ресей және Қазақстан Қарулы күштерінен келген әскери-спортшылар табельдік қарудан оқ ату және офицерлік үшсайыс бойынша сынға түспек.
Чемпионаттың мақсаты достастықты нығайту және Достастық елдері арасында спорттың бұқаралылығын арттыру, әскерилердің дене дайындығын және моральді-психологиялық тұрақтылығын күшейту болып табылады.
Бүгін офицерлік үшсайыстың бірінші кезеңі өткізілді.
Чемпионат жалауы 13 қыркүйекте түсірілетін болады.