ТМД кеңістігінде сайлау үдерістері демократияланып келеді - ТМД миссиясы байқаушыларының басшысы
АНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - ТМД кеңістігінде сайлауды демократияландыру үрдерісі жүріп жатыр. Бұл бірінші кезекте Қазақстанға қатысты айтылатын мәселе.
Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен кездесу барысында ТМД миссиясы байқаушыларының басшысы Сергей Лебедев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, ТМД миссиясы байқаушыларының қызметіндегі басты ұстаным - объективтілік. «Біз көптеген мемлекеттерде байқаушы болдық. Олардың барлығындағы жағдай керемет деп айта алмаймын. Ал кемшіліктерге келетін болсақ, ол тек ТМД мемлекеттерінде ғана орын алып отырған жоқ. Біз ТМД-ға мүше елдермен қатар Батыс Еуропа мен АҚШ-та да қызмет еттік. Демократиясы дамыған деген бұл елдердің өзінде көптеген кемшіліктер бар. Тіпті осы елдерде байқаушыларды сайлауға жібермей қойған кездердің де куәсі болдық»,-деді миссия басшысы.
Оның айтуынша, ТМД миссиясы байқаушыларының басты мақсаты өздері байқаушы болған елдердің заңдарына талдау жасау болып табылады. «Осы себепті біз Қазақстанға келердің алдында-ақ осы елдің сайлау үрдістерін реттейтін заңнамалармен жан-жақты танысып шықтық. Мен осы ретте айтайын дегенім, біз тіпті бұл бағытта Батыс елдерінің бірқатарын басып оздық деп айта алар едім»,-деді С.Лебедев.