ТМД мемлекеттері Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету стратегиясын талқылайды

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 15 наурызында Мәскеуде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Экономикалық кеңесінің 81-ші отырысы өтеді. Отырысқа Түрікменстан төрағалық етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ТМД мемлекеттері Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету стратегиясын талқылайды

ТМД Атқару комитеті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, күн тәртібінде ТМД елдерінің экономика саласындағы өзара қарым-қатынасының кешенді мәселелері талқыланады. Атап айтқанда, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің Ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясын әзірлеу мәселелері талқыланбақ.

Сондай-ақ, электрондық сауда саласында тұтынушылар құқығын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Бұдан бөлек, жиында ТМД-ға мүше мемлекеттердің кеден органдарының зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығы талқыланады.

ТМД Экономикалық кеңесіне ұйымға мүше елдердің үкімет басшыларының орынбасарлары кіреді. Оның отырысына ТМД Атқару комитетінің төрағасы - атқарушы хатшысы қатысады.