ТМД мемлекеттері әуе кемесін басып алу жағдайларындағы іс-қимылды бірлесе жүзеге асыратын болады - Сенат

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттер күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жөніндегі кезекшілерінің әуе кемесін басып алу туралы ақпаратты алған кездегі іс-қимылдарын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

ТМД мемлекеттері әуе кемесін басып алу жағдайларындағы іс-қимылды бірлесе жүзеге асыратын болады - Сенат

Аталмыш келісім 2011 жылдың 3-қыркүйегінде жасалған. Құжаттың мақсаты ТМД-ға қатысушы мемлекеттер күштерінің әуе кемесін басып алу мен әкету барысында қарсы қолданылатын шаралар келісімін айқындау болып табылады. Сонымен қатар, келісім аясында әуе кеңістігінің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету, терроризмге қарсы тұру шараларын қолдану қарастырылады.

Бұдан бөлек, тараптардың ынтымақтастығы осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын кезекшілердің іс-қимылдарының тәртібі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Келісімге сәйкес, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі жанындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс мәселелері жөніндегі үйлестіру комитеті ТМД-ға қатысушы мемлекеттер әуе шабуылына қарсы қорғаныс біріккен жүйесі күштерінің іс-қимылдары бойынша бірлескен жаттығуларын жыл сайын әзірлейді және өткізеді.