ТМД мемлекеттері құпия ақпараттарды бірлесе қорғайтын болады

Аталған келісімге 2013 жылы 25 қазанда Минск қаласында ТМД мемлекеттер басшылары қол қойған болатын. Ал құжат Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының құпия ақпараттарды өзара қорға туралы келісімдері негізінде дайындалған.
«Заң жобасының мақсаты - ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құпия ақпараттарының қауіпсіздігін қорғау болып табылады. Ал оның орындалуына әр тарап өздері айқындайтын құзыретті органдар жауапты болады. Қазақстанда келісімнің орындалуына жауапты құзыретті орган болып Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынылып отыр. Өйткені, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының өзара құпия ақпараттарды қорғау туралы келісімінің орындалуына жауапты орган», - дейді ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы Ерлан Қошанов.
Заң жобасын қабылдау ТМД шеңберінде құпия ақпараттарды қорғау жұмысын одан әрі үйлестіруге және күшейтуге ықпал ететін болады. Құжат бойынша құпия ақпараттарды берудің әрбір нақты жағдайы қаралып, ол бойынша тараптардың мүдделері де негізге алынады. Сонымен қатар, құпия ақпараттарды беру әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.