ТМД миссиясы Бас прокуратурадан сайлау заңнамасының бұзылуымен байланысты шағымдардың қаралу нәтижелері туралы ақпарат беруді өтінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД миссиясы Бас прокуратурадан сайлау заңнамасының бұзылуымен байланысты шағымдардың қаралу нәтижелері туралы ақпарат беруді өтінді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясындағы брифингіде ТМД байқаушылары миссиясының жетекшісі Евгений Слобода айтты.

ТМД миссиясы Бас прокуратурадан сайлау заңнамасының бұзылуымен байланысты шағымдардың қаралу нәтижелері туралы ақпарат беруді өтінді

«Миссия қызметі сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласындағы халықаралық құқық нормаларының ережелеріне, сайлау процесіне, мемлекеттің ішкі істеріне араласпау ұстанымына негізделеді. Байқаушылар өз жұмыстарында Достастық аясында парламенттік және президенттік сайлау процестерін регламенттейтін құжаттарды басшылыққа алады», - деді ол.

Сонымен қатар шетелдік байқаушы сайлау учаскелеріне кедергісіз кіру, сайлау комиссияларының мүшелерімен, саяси партиялардың, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен еркін әңгімелесу құқығы беріліп отырғандығын баса айтты.

«Барлық сайлау учаскелері техникалық тұрғыда сақадай-сай. Барлығы да құқықтық анықтамалық материалдарымен қамтамасыз етілген», - деп қосты миссия жетекшісі.

Е.Слобода елімізде өтетін сайлау науқанына жүргізілген мониторинг қорытындысы сайлаудан кейін жария етілетіндігін атап өтті.

«Миссия штабы Орталық сайлау комиссиясына, Жоғарғы сотқа, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне сайлау заңнамасының бұзылуымен байланысты шағымдардың, арыздардың және өтініштердің қаралу нәтижелері туралы ақпарат беруді өтінді», - деп қосты ол.