ТМД миссиясына сайлау процесі барысына қатысты шағымдар мен ескертулер түскен жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД байқаушылары миссиясына сайлау процесі барысына қатысты шағымдар мен ескертулер түскен жоқ. Бұл туралы бүгін Тәжікстан Республикасы Орталық сайлау және референдумдар комиссиясының хатшысы Муистон Азизова айтты.

ТМД миссиясына сайлау процесі барысына қатысты шағымдар мен ескертулер түскен жоқ

«Сайлау науқанына мониторинг жүргізу үшін қажетті барлық жағдай жасалған. Дауыс беру күнінде біз сайлау учаскелері өз жұмыстарын бастамай тұрған кезде ерте барып, дауыс беруге арналған жәшіктерді орналастыру сәтін бақыладық. 20-ға жуық сайлау учаскесінде болсақ, соның барлығында да дайындық жұмыстары тыңғылықты жүргізілген», - деді ол.

Сонымен қатар ол дауыс беру барысында Қазақстан азаматтары барынша белсенділік танытқандығын айрықша атап өтті.

«Учаскелік сайлау комиссияларының жұмыстары Қазақстанның сайлау заңнамасы талаптарына сәйкес жүргізілді. Біз барып көрген сайлау учаскелерінің барлығында да саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болды. ТМД миссиясына сайлау процесі барысына қатысты шағымдар мен ескертулер түскен жоқ», - деді М.Азизова.

Естеріңізге сала кетейік, кеше елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. ҚР ОСК деректеріне сәйкес, облыстық, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларынан келіп түскен хабарлар бойынша тізімге енгізілген 9 млн. 810 мың 920 сайлаушының 7 млн. 564 мың 281-і сайлау бюллетеньдерін алды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, республика бойынша тізімге енгізілген барлық сайлаушылардың 77,1 пайызы дауыс беруге қатысты. Өткен сайлаулардың деректерімен салыстырғанда, бұл - рекордтық көрсеткіш.