ТМД өміршең әрі аса қажетті ұйымдардың бірі болып қала береді - Қайрат Әбдірахманов
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов әріптесі РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен болған кездесуде қандай бағытта келіссөздер жүргізілгенін атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»ХАА тілшісі.
«Жаңа ғана менің әріптесім әрі досым Сергей Викторовичпен бірқатар келіссөздерді аяқтадық. Келіссөздер дәстүрлі түрдегі іскерлік әрі пікір алмасу мазмұнында өрбіді. Біз Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесулері барысында маңызға ие болатын сұрақтарды ортақ талқыға салдық. Бұған дейінгі екі елдің ынтымақтастығын қорытындылап, қазіргі жағдай туралы және қарым-қатынасты келешекте дамыту жоспарын талқыладық. Екіжақты қарым-қатынас тұрғысында Челябі қаласында өтетін Қазақстан мен Ресей елдерінің 14-ші өңіраларлық серіктестік форумының дайындығына назар аудардық», - дейді ҚР Сыртқы істер министрі.
Қайрат Әбдірахманов сонымен бірге, келесі аптада өтетін ТМД елдері басшыларының Кеңесі туралы айтып өтті.
«Біз Қазақстанда ТМД ХХІ ғасырда өміршең әрі қажеттілігі өте жоғары ұйым болып қала беретініне сенімдіміз. 2015 жылы Бурабайда өткен бейресми саммитте Назарбаев ұйымның жұмысын күшейту үшін ынтымақтастықты трансформациялау, яғни сәйкес келмейтін міндеттерді алып тастау қажеттігін ұсынған еді. Бұл өзгерістер ұйымның жұмысын күшейте түсетіні даусыз. Бүгінгі таңда біз Қазақстан басшысының ұсынған бастамасының нақты нәтижелеріне жақындап келе жатырмыз деп айта аламыз», - дейді ол.