ТМД пішімінде Қазақстанның қандай өсім нүктелері бар

АСТАНА. KAZINFORM – Геосаяси тұрақсыздық пен сауда-саттықтағы шектеулер аясында Қазақстанның ТМД-дағы серіктестерімен өзара іс-қимылы маңызды сыртқы экономикалық бағыт болып қала бермек. Дәл осы бағытқа еліміздің тауар айналымының 25 пайыздық үлесі тиесілі. Осы орайда, Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Достастықтың өзекті экономикалық трендтерін екшеп көрген еді.

Какие точки роста есть у Казахстана в формате СНГ
Коллаж: Kazinform/Midjourney

Ынтымақтастыққа тиімді алаң

ТМД елдері экономикасының дамуындағы макроэкономикалық көрсеткіштердің нәтижесіне сәйкес, қатысушы-мүше елдердің жалпы ішкі өнімі 2024 жылдың І жартыжылдығында өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға артты:

  • негізгі капиталға салынған инвестиция – 11,2
  • өнеркәсіп өндірісі – 4,3
  • жүк айналымы көлемі – 4,9
  • бөлшек сауда айналымы – 8,6 пайыз.

Ал ТМД-ға қатысушы елдердің арасындағы коммерциялық операцияларда ұлттық валютаның үлесі қазірдің өзінде 85 пайыздан асып жығылды. Мұндай дерек 8 қазан күні Мәскеуде өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында жария етілген болатын.

инфографика
Фото: Kazinform

Бұған қоса, оң қарқын Достастықтың барлық мемлекетінде байқалатындығын да атап өткен жөн. Экономикалық көрсеткіштер ТМД еліміз үшін маңызды интеграциялық құрылым болып қала беретіндігін дәлелдеп отыр. Айталық, еліміздің Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сәйкес, Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 116 млрд доллардан асып түсті. Бұл ретте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне барлық тауар айналымының шамамен 25 пайызы, ал оның 20,7 пайызы ЕАЭО елдеріне тиесілі.

Қазақстан бастамалары

Қазанда Мәскеуде өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерінің көңілін әлем экономикасында тұрақсыздық белең алып тұрған жағдайда сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері ұдайы назарда болуға тиістігіне аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ТМД нарықтары қашанда маңызды екенін жеткізді. Еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде.

– 2023 жылы қабылданған Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісім сауда-экономикалық байланыстарымызды жан-жақты тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін. Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация, кедендік реттеуді оңтайландыру, жаңа логистика тізбектерін қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша ықпалдастықты күшейту жұмыстарын жалғастырудың маңызы зор. Бүгінде жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары. Осыған орай «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қаласында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл шаһар ежелде Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды торап болғандықтан, «керуеншілер қаласы» деп те аталған,– деді Президент.

ТМД елдері басшылары, Президент
Фото: akorda.kz

Осы тұрғыдан алғанда Достастыққа қатысушы елдердің шекаралық сауда-саттығы айтарлықтай рөлге ие. Еліміздің Ресей Федерациясымен тек өңіраралық сауда үлесіне екіжақты жалпы тауар айналымының шамамен 70 пайызы, ал шекаралас облыстарға шамамен 40 пайызы тиесілі. Қазақстан мен Ресей арасында өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған 300-ге жуық келісім жұмыс істейді. Жалпы, еліміз Татарстан Республикасы, Орынбор, Свердлов және Челябі облыстары, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалалары сынды ресейлік субъектілердің жетекші сауда серіктестерінің бірі саналады.

Осы жылдың желтоқсанында өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысында еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектенов жоғарыда аталған мәселелерге тоқталып, экономикалық кооперация, сауда кедергілерін жою, көлік дәліздерін дамыту жайттарына толған болатын.

Логистикалық мүмкіндіктер

Тиімді сауда-экономикалық кооперация көп жағдайда көлік дәліздерінің дамуымен тығыз байланысты. Осыған орай, Қазақстан Президенті Мәскеуде өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің соңғы отырысында ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынып, ол Достастықтың Атқарушы комитетіне жіберілген еді. Аталған ұсыныс бірінші кезеңде ТМД-ға кіретін елдердің логистикалық мүмкіндігін реттеуге бағытталған.

– Былтыр ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынған едім. Бұл жұмысты мейлінше тезірек аяқтауымыз керек. Жалпы, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий бағыты сияқты жаһандық жобаларды өзара үйлестіру Еуразия құрлығындағы экономикалық, институционалдық және көлік-логистикалық дамудың бірыңғай тұжырымдамасын құруға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған орай, «Батыс-Шығыс», «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәліздерін кеңейтуге, Халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағы мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға айрықша назар аударылады.

Жол
Фото: Александр Павский/Kazinform

Жалпы, көлік дәліздерін дамыту мәселесі Қазақстан үшін өзектілігін сақтап отыр. Өйткені, Қазақстан және онымен шекаралас елдер арқылы бір жағынан батыс пен шығыс өңірлерді (Еуропа мен Азия), ал екінші жағынан солтүстік пен оңтүстік өңірлерді (Еуропа мен Үндістан) жалғасып жатыр. Сонымен қатар оларға «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі мен Транскаспий халықаралық көлік бағытынан бөлек, Солтүстік пен Еуразиялық бағыттың да қатысы бар. Сарапшылар аталған бағыттарға деген сұраныс тек қана арта беретіндігін алға тартып отыр.

KPMG Кавказ және Орталық Азия директорының орынбасары Евгений Косачев Еуразиядағы геосаяси өзгерістер өңір елдерінің экономикалық даму бағытына айтарлықтай ықпал еткендігін атап өтеді. Басты назарда – өңір ішіндегі сауданы дамыту мен тауар айналымы. Бұл жайт жаңа балама көлік-логистикалық бағыттардың дамуын талап етеді.

- Бұл мәселеде Қазақстан қуатты логистикалық әлеуетін паш ете отырып, негізгі буынның бірі болып отыр. Келешекте «Шығыс-Батыс» көлік дәлізі Азия мен Еуропалық одақ елдерін жалғастыратын басты байланыстырушы құрамдас бөлікке айнала алады, - деп санайды сарапшы.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Қазақстанда трансқұрлықтық транзиттік бағыт желісі қалыптасып отыр. Салаға тартылған инвестицияның көлемі 35 млрд доллардан асып түседі. Бұл еліміздің аумағы арқылы Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтағы тасымалдың 80 пайыздан астамын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Дегенмен, көлік саласындағы сарапшылардың көпшілігінің ойы кез келген бағыттың рентабельділігін бағалау бойынша дайындық жұмыстарын уақтылы жүргізу, сауда не болмаса өзге де кедергілерді жою мәселелерін пысықтау, өткізу қабілетін, жіксіз логистиканы енгізу үшін цифрлық платформаларды дамыту, сонымен қатар хабтар мен өзге де ілеспе инфрақұрылымдарды дамыту қажеттігі төңірегінде тоқайласады.

Айта кетсек, жуырда  Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мәскеуде өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.