ТМД шеңберіндегі қылмыстық кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы шараларға арналған заң қабылданды
АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы» заңы қабылданды. Құжат мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Аталған шарттың мақсаты қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың құқықтық негізін жетілдіру және осы салада ынтымақтасу болып табылады. Шартқа қол қойған мемлекеттердің ынтымақтастығының негізгі бағыттары мен нысандары айқындалады. «Бүгінгі күні Қазақстаннан басқа құжатқа қол қойған бірақ ратификацияламаған мемлекет Тәжікстан болып табылады. Өйткені, Тәжікстанның қаржы барлау бөлімі тек былтыр ғана құрылды. Шарт бойынша ұлттық заңнамаларды үйлестіру, құқықтық көмектер көрсету, сондай-ақ терроризмді қаржыландыру үшін қаражат беретін қылмыстарға тыйым салу, қамау, тіркеулерді жүзеге асыру және жедел іздестіру шаралары қарастырылып отыр. Құжаттың басты маңызының бірі кірістерді жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласында ақпарат алмасу болып табылады», - деді заң жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішев. Шарт 2007 жылғы 5 қазанда Душанбеде жасалған.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.