ТМД СІМ басшылары Палестина-Израиль қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады
ТМД елдеріне мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері Палестина-Израиль қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады. Кazinform бұл туралы Кабар агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан Республикаларының Сыртқы істер министрліктері Палестина-Израиль аймағындағы қақтығыстың тез ушығып, әскери іс-қимылдың күшеюі, екі тараптан көптеген бейбіт тұрғынның қаза болуына алаңдаушылық білдірді.
СІМ басшылары экстремизм, терроризм, тұтқынға алу және бейбіт тұрғындарға қатысты басқа да күш көрсету амалдарын сынға алды.
Газа секторы гуманитарлық апат алдында тұрғанын ескертті. Министрлер халықаралық гуманитарлық құқық нормаларына сай әрекет етіп, мұқтаж жандардың бәріне азық-түлік, отын мен медициналық көмек құралдарын жеткізуге атсалысу қажеттігіне баса назар аударды.
Сыртқысаясат ведомстволарының басшылары тараптарды дереу соғыс қимылдарын тоқтатуға, оқ атуды тоқтату жөнінде тұрақты режимді қамтамасыз етіп, бейбіт тұрғындар үшін гуманитарлық дәліз ашуға шақырды.
Сондай-ақ Таяу Шығыста жалпыға ортақ, әділ және берік бейбітшілікті орнату үшін халықаралық-құқықтық негіз, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Араб бейбітшілік бастамасының шешімдерін негізге алып халықаралық және өңірлік дипломатиялардың күш біріктіруі маңызды екені атап өтілді.