21:23, 04 Шілде 2013 | GMT +5
ТМРА алқа отырысында тарифтік заңнаманы жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары талқыланды
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Табиғи монополияны реттеу агенттігі төрағасы Мұрат Оспановтың басшылығымен ағымдағы жылдың І жарты жылдығына арналған мекеме қызметінің қорытындысы бойынша кезекті алқа отырысы өтті. Алқа жұмысына төраға орынбасарлары, салалық және аумақтық департамент басшылары қатысты, деп хабарлады Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі Агенттіктің баспасөз қызметінен.
Күн тәртібінде тарифтік саясатты қалыптастыру ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі ел Президенті тапсырмаларын орындау шеңберіндегі өзекті мәселелер қарастырылды. Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар тарифтік заңнаманы жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шараларды талқылады.
«Үкіметтің ағымдағы жылғы 24 маусымда тарифтік саясатты жетілдіру амалдарын мақұлдауы аталған жұмыстың қорытындысы болып табылды», - деп атап айтты М.Оспанов.
Алқа қорытындысы бойынша, М. Оспанов бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді және Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметі алға қойған тапсырмаларды іске асырудың оң нәтижелеріне қол жеткізуді іске асыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін белгіледі.