ТМРА биыл реттелетін қызметтерге бағаның негізсіз өсуінен тұтынушыларды қорғауға күш салады
А. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін кеңейтілген алқа мәжілісінде Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов ведомствоның 2010 жылы алдында тұрған міндеттеріне тоқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, биыл Агенттіктің алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр. Оның біріншісі -инфляциядағы тарифтердің шекті үлесінің аясында реттелетін қызметтердің тарифтерін бекіту; екіншісі -тұтыну көлемі бойынша сараланған тарифтерді енгізу бөлігінде энергияны үнемдеу жөніндегі шараларды жүзеге асыру және техникалық шығындарды нормалау жөніндегі жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану, энергия үнемдеуді насихаттау; үшіншісі - табиғи монополиялар субьектілерін және реттелетін нарықтарды мемлекеттік реттеудің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру; төртіншісі - өңірлік электр компанияларын реттеу тәжірибесіне салыстырмалы талдау әдісін енгізу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу; бесіншісі - инвестициялық тарифтер бойынша жұмыс істейтін табиғи монополиялар субьектілерінің санын ұлғайту.
«Осылайша, жоғарыда аталған міндеттердің шешімі кәсіпорындардың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, энергияны үнемдеу жөніндегі жұмысты жалғастыруға және реттелетін қызметтерге бағаның негізсіз өсуінен тұтынушыларды қорғауға ықпал ететін болады», деді Н. Алдабергенов.