ТМРА экс-төрағасы М.Оспановтың ісі бойынша қорғаушылардың өтінімхаты қабылданбады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспановтың ісі бойынша сотта негізгі куәгерлердің бірінің жауабын қатыстырмау туралы қорғаушылардың қолдаухаты қабылданбады. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан хабарлады.
Атап айтқанда, бүгін аталған соттың судьясы Ербол Рахимбеков тиісті қаулыны жария етті. Бұның алдында айыпталушының қорғаушылары М.Оспановтың көмекшісі Берік Ергешевтің жауаптары мен түсініктерін істің материалдарынан алып тастау туралы өтінімхат жолдаған болатын. Бүгінгі сот тыңдауы барысында судья Ербол Рахимбеков алдын ала тергеу барысында Ергешевтің дәлелдері тексерілгенін және олар нақтыланғанын негізге ала отырып, Оспанов қорғаушылары қолдаухатын қабыл алмау туралы қаулы етті. Тергеу нұсқасы бойынша, ақша ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасына пара ретінде Ергешев арқылы тапсырылған. Айта кетейік, куәгер Б. Ергешев сотта жауап берген болатын. Қорғаушылардың пайымынша, оның айғақтары қысым көрсету арқылы алынған. Еске сала кетейік, 2014 жылдың 2 шілдесінде Қаржы полициясы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспановты тұтқындағанын мәлімдеген болатын. Олардың мәліметінше, М. Оспанов 200 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған. Артынша белгілі болғандай, пара көлемі 300 мың екені анықталды. 3 шілде күні Астана қаласы Алматы аудандық № 2 соты ТМРА бұрынғы басшысын ұстауға санкция жариялады. Мұрат Оспановтың ісі бойынша сот 11 қарашада басталды. Келісі сот тыңдаулары 24 қарашаға белгіленіп отыр.