ТМРА коммуналдық қызмет түрлеріне бағаны өсірмеуге уәде етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Коммуналдық және басқа да реттелетін қызметтерге тарифтер теңгенің долларға бағамын түзетуге байланысты өспейді. Бұл туралы бүгiн Астанада Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң төрағасы Мұрат Оспанов мәлiм еттi.
«Бүгінгі күні реттелетін коммуналдық қызмет тарифтерінде теңге бағамының долларға шаққандағы өзгеруіне байланысты өзгерістер болмайды. Оның үстіне, осы жылдың 1 мамырына дейін реттелетін қызметтердің барлық түрлеріне тарифтер өзгермейді», - деді ол.
Оның айтуынша, одан кейiнгi өзгерiстер жоспарлы түрде жүзеге аспақ.
Ол электр, жылу, су және газбен қамту сияқты коммуналдық қызметтерге тарифтерді мемлекет реттейтінін атап өтті. Сәйкесінше, аталған тарифтер тұрақты бақылауда және өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша ғана өзгертіледі.
Жоспарланбаған факторлар әсер еткен жағдайда заңнамада тарифтердiң тұрақты деңгейiн сақтау үшiн бiрқатар құралдар қолданылады.
ТМРА төрағасы агенттік тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермейді деп сендірді.