ТМРА монополистерді инновациялық технологияларға көшуге ынталандыратын саясат ұстанбақ
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - ТМРА монополистерді инновациялық технологияларға көшуге ынталандыратын саясат ұстанбақ.
Бұл туралы бүгін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде өткен «Ашық есік күні» шарасы барысында ведомствоның жауапты хатшысы Рустам Ахметов мәлім етті.
«Тарифтік саясат туралы 2030 жылға арналған бағдарлама аясында тарифтерді құру жүйесі кезең-кезеңмен өзгереді және реттеудің ынталандырушы әдістері енгізіледі», - дейді Р.Ахметов.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін тиімділікке ынталандыру үшін елдегі заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу жұмыстары басталып кетті.
«Жоспарланып отырған өзгерістердің мәні мынада - инновациялық технологияларды енгізуден үнемделген қаражат табиғи монополиялардың өздерінде қалады және ол тарифті құру кезінде ескерілмейді. Осылайша оларды жаңа технологияларды енгізуге ынталандыратын боламыз», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар ТМРА реттеу процесстерін оңтайландырып, тарифке қатысты шешімдерді шығару қызметін жеңілдететін болады.
Айта кетейік, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі электр, жылуэнергетика, сумен жабдықтау, кәріз және көлік жүйелері саласындағы 1100-ден астам субъектінің тарифтік және техникалық реттеу саясатына қадағалау жүргізеді. Сонымен қатар 130 үстем субъектінің баға белгілеу функциясын атқарады.