ТМРА монополистердің өтініштері мен ұсыныстарын электронды жолмен қарауға көшуді жоспарлап отыр

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Табиғи монополияларды реттеу агенттігі монополистердің тарифтерді өзгертуге бағытталған өтініштері мен ұсыныстарын электронды жолмен қарауға көшкелі отыр.

ТМРА монополистердің өтініштері мен ұсыныстарын электронды жолмен қарауға көшуді жоспарлап отыр

Бұл туралы бүгін Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен оның аймақтағы құрылымдарында сыбайлас жемқорлықпен күрес  мәселелеріне арналған мәжілісте аталмыш ведомствоның басшысы Мұрат Оспанов мәлім етті.

«Біз бүгін агенттік тарапынан берілетін лицензиялардың барлығын электронды жолмен беретін болдық. Сонымен қатар біз азаматтардың өтініштерін қарауда адаммен қарым-қатынастың болмауын барынша  жетілдірдік. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз енді еліміздің аймақтағы органдарында да жүзеге асырылуына күш салып жатырмыз. Сондықтан өтініштер қарау шарасы бірте-бірте электронды тәсілге көшеді. Алайда бұған әлі уақыт қажет»,-деді ведомство басшысы.

Оның сөзінше, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мемлекеттік органдардың ішінде алғашқылардың бірі болып, мемлекеттік қызметтерді электронды жолмен көрсете бастады. «Сонымен қатар көптеген рұқсат беруші құжаттарды да біз электронды жолмен беріп отырмыз»,-деді М.Оспанов.