ТМРА-ның лауазымды тұлғаларына пара беру күдігіне іліккен А. Ақтай қамауға алынды - ҚР Бас прокуратурасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратураның наразылығымен Астана қалалық сотының апелляциялық сатысы А.Ақтайға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы санкция берді, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
«А.Ақтайды ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің лауазымды тұлғаларына пара беру фактілері бойынша аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасау күдігімен қозғалған қылмыстық іс аясында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ұстаған болатын», - делінген хабарламада.
ҚР Бас прокуратурасы Астана қаласының Алматы аудандық №2 сотына А.Ақтайға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану санкциясын беру туралы мәселе көтерген еді. Бірақ, осы соттың қаулысымен бұл ұсыныс қолдау таппады.
«Ағымдағы жылғы 11 шілдеде Бас прокуратураның наразылығымен Астана қалалық сотының апелляциялық сатысы аудандық сот шешімінің күшін жойды және А.Ақтай қамауға алынды», - деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасы.