ТМРА өңірлерде кадрлық ауыс-түйісті бастады - 4 департамент басшысы ауысты

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспановтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі селекторлық кеңесте берген тапсырмасы бойынша ведомствоның аумақтық департаменттері басшыларын қайта тағайындау басталды.

ТМРА өңірлерде кадрлық ауыс-түйісті бастады - 4 департамент басшысы ауысты

Агенттік баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, қайта тағайындау мақсаты - табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнаманы іске асыруды бақылауды күшейту
.
Сонымен агенттіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Шырынәлі Үсенов ведомствоның Қарағанды облысы бойынша департаментіне осындай лауазымға ауыстырылды.

Өз кезегінде ТМРА-ның Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Төлеген Максилов ТМРА-ның Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы болып ауысты.

ТМРА-ның Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменті директорының лауазымын атқарған Ербол Есіркепов агенттіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментін басқаратын болды.

Агенттіктің орталық аппараты Бақылау және талап қою жұмысы департаментінің бұрынғы директоры Асылбек Аламан ТМРА-ның Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары болды.

ТМРА аумақтық департаменттерінің басшыларын ауыстыру жұмысы жалғасуда.