«Төбе би төрт тарабына түгел алаңдайды» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Мамырдың 15-і. /ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 15-інде, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Алматыда басталған «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» атты Трансазиялық парламенттік форумға қатысушыларға арналған құттықтауы жарық көрді. Мемлекет басшысының құттықтауында «Қазақстандықтар 20 жылға жетер-жетпес уақытта жаһандық дағдарыс сынағынан табысты өткен, саяси жүйесі тұрақты және тиімді нарықтық экономикаға көшкен мемлекет орнатты. Біздің ұлтаралық және дінаралық келісім моделіміз - ЕҚЫҰ қызметінің гуманитарлық өлшемдерін қамтамасыз етуге Қазақстанның қосқан нақты үлесі. Сабақтастық қағидаттарына негізделген қазақстандық төрағалық тұжырымдамасы біздің ЕҚЫҰ тиімділігін арттыруға, оның Жер шарының үш құрлығындағы 56 мемлекетті біріктіріп отырған бірегей үнқатысу алаңы ретіндегі әлеуетін дамытуға үлес қосуға деген нық ұйғарымымызды паш етеді», делінген.
«Кеше Алматыдағы «Интерконтиненталь» қонақ үйінде «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» атты Трансазиялық парламенттік форум өз жұмысын бастады. Алдын ала айта кетсек, мұндағы талқыланған һәм талқыланып жатқан мәселелер өзінің бүгінгі таңдағы аса көкейкестілігімен дараланады. Форум бағдарламасында 3 сессияның жұмыс істейтіні жоспарланған болатын. Кеше салған беттен талқыға түскен соның біріншісі - «Аймақтық қауіпсіздік. Ауғанстан, лаңкестік және есірткі заттарымен күрес, қарусыздану» тақырыбын қаузады. Ал «Еуразия: дамушы нарықтар және өріс алған өктем қатерлер. Экономикалық даму, сауда, ресурстарды басқару, еңбек көші-қоны, экологиялық мәселелер» және «Адамзаттық өлшем. Діни төзімділік, саяси даму, адам саудасымен күрес, гендерлік теңдік» атты әлемдік қоғамдастықты сансыратып тұрған сан тарау мәселелер бүгін өтетін екінші және үшінші сессиялардағы өткір пікірталас пен парасатты да пайымды әңгіменің өзегіне айналмақ», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе басылымның сенбілік нөмірінде жарияланған «Төбе би төрт тарабына түгел алаңдайды» деген тақырыппен берілген мақалаға назар аударыңыз.
Кеше «Rіxos Presіdent Astana» қонақүйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Экономикалық даму және сауда министрлігінің, барлық облыс әкімдіктерінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы және екінші деңгейлі банктердің арасындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің несиелері бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде кепілдік беру жөніндегі келісімдерге ресми қол қою рәсімі болып өтті. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Судсидияға сенім. Банктер бизнесті несиелеуді қайтадан қолға алды» деген тақырыппен берілді. «Бағдарламаға республикалық бюджеттен 30 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаржы үш бағыт бойынша бөлініп отыр. Жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға 12 млрд. теңге бөлінетін болады, ал кәсіпкерлік секторды сауықтыруға 16 млрд. теңге бөлу жоспарланса, 2010 жылы экспортқа бағдарланған өндірісті қолдауға 2 млрд. теңге бөлінбек», деп жазады басылым.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сенбілік қонағы - Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Таяуда ғана қос шатырлы Парламент қабырғасында Мемлекет басшысына ұлт лидері мәртебесін бекітетін заң жобасы қабылданғанын арқау еткен екеуара әңгіме «Назарбаев - Қазақстанның халпы ұлттық лидері. Оған ешкімнің күмәні болмас» деген тақырыппен берілген. Бұл заң жобасының қабылдануы Елбасының алдағы туған күніне сыйлық па әлде қырғыз оқиғасына байланысты ма деген сауалдарға нық жауап берген ол «Қырғызстандағы жағдайдың Қазақстандағы Ұлт лидері туралы заңға ешқандай қатысы жоқ», депті.
«Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы балабақшалардың басшылары «Балапан» бағдарламасын тезірек жүзеге асырудың «тиімді» тәсілін ойлап тапқан көрінеді. Көктем шыққалы олар ата-аналарға 5 жастан асып, 6-ға толған балдырғандарды балабақшадан шығарып, мектепке беру жөнінде талап қоя бастаған. Оларға мұндай пәрмен жоғары жақтан, яғни білім бөлімінен жеткен», деп жазады «Айқын» газеті. Мақаланың егжей-тегжейін басылымның бүгінгі нөмірінде басылған «Балапанды» тез «ұшырғысы» келгендердің жолы болмады» деген мақаладан оқи аласыздар.
«Тәжіктерді тәлкекке салған дерт Қазақстанға қауіп әкелмейді». «Айқын» газетінде осы тақырыппен жарияланған мақалада аталған елде полиомелиттің көбейіп отырғандығы, дүниежүзілік ДСҰ мамандары індеттің алдын алуға араласып жатқандығы жазылған. Сондай-ақ басылым еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің індеттің алдын алу және болдырмау мақсатында іс-шараларды қолға алып отырғандығын атап өткен. «Осы жерде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «2002 жылдан бастап Қазақстанда полиомелит ауруы таралмаған» деп жариялағанын айта кеткеніміз орынды. Елімізде полиомелит бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, балаларды егу былтыр 98,6 пайызды құраған. Жалпы алғанда тәжіктерді тәлкекке салған дерттен Қазақстанға келер қауіп жоқ екен», деп жазады басылым.
***
«Өткен наурыз айында су тасқынынан зардап шеккен Алматы облысына қарасты Қызылағаш ауылының мектеп бітірушілері Бірыңғай ұлттық тестілеуді кешіктіріп тапсыру туралы Білім және ғылым министрлігі берген жеңілдіктен бас тартты», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның хабарлауынша, кеше аталған елді мекеннің мектеп түлектерімен кездескен Жансейіт Түймебаев министрлік шешімімен ҰБТ бір жарым айға шегерілгенін жеткізген. Алайда түлектер шілденің 19-26-сына қалдырылған емтиханнан бас тартыпты.
Осы басылымның «Дат!» айдарында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбековпен арадағы сұхбат «Ескі жүйе бойынша емтихан қабылдауға қайта оралудың қажеттілігі жоқ» деген тақырыппен жарық көрді. Басылым тілшісінің білім беру саласына қатысты барлық сауалдарына жан-жақты жауап берген М.Сарыбеков «ҰБТ-ның ескі жүйеден ерекшелігі - білім сапасын бағалаудағы объективтілігі. ҰБТ-да ескі жүйедегідей әр пәннен бір-екі сұрақтан ғана емес, бес пәннен 25 сұрақтан беріледі. Бұл оқушылардың білімін жан-жақты тексеруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ҰБТ талапкерлерді жоғары оқу орындарында қабылдаудағы сыбайлас жемқорлықты жоюға септігін тигізеді», деген ойын ортаға салған.
«ҰБТ орта білімнің бірегей әділ таразысы болып отыр ма?». «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарындағы осы сауалға жауап берген филология ғылымының докторы, профессор Шамшәдин Керім «Өз басым ҰБТ жүйесін жоғары бағалаймын. Осы тестілеу жүйесі қолданысқа енгізілмей тұрып, 1990 жылдары тестілеудің артықшылықтарын көрсетіп талай рет мақала жазған едім», десе оған түбегейлі қарсы шыққан философия ғылымының докторы, профессор Серік Нұрмұратов «ҰБТ бірегей әділ таразы бола алып отырған жоқ. батысқа оңды-солды еліктеудің арқасында өзіміздің тәжірибемізге асығыс енгзідік те жібердік. Оның зардабын тартып та жатырмыз», деп түбегейлі қарсы шығады.
***
«Бүгін елорданың Нұржол желекжолынан бірден 130 аюды көре аласыз. «Тірі екен» деп қалмаңыз. Ол - әлемнің 18 елінде көрмеге қойылған биіктігі екі метрлік Бадди аюының мүсіндері», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, «Аюлар достастығы» деп аталатын ашық аспан астындағы көрме Қазақстандағы Германия жылы аясында ұйымдастырылып отыр.
Сондай-ақ осы басылым тұрақты айдары «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов елорда жұртшылығының өздерін мазалаған сауалдарына тұщымды жауап берген.
***
Үндістанның жетекші банктерінің бірі Punjab National Bank таяу арада қазақстанда коммерциялық операцияларын бастамақ. Бұл турасында «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берген Үндістанның сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайаха Кришна мәлім еткен.
Басылымның жазуынша, СІМ басшысы сондай-ақ Қазақстан мен Үндістанның басқа да ортақ бірлескен жобалары бар екендігін атап өткен. Аталған жобалар жайында басылымның сенбілік нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
«Азияның абсолютті чемпионы, Азия ойындарының чемпионы Әлия Жүсіпова Шымкентте көркем гимнастика мектебін ашты», деп жазады «Литер» газеті. «Осы жылдан бастап мен Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысымын. Қазақстандық гимнасшылардың әлемдік аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне көмектесетін боламын. Оған менің тәжірибем жетеді», депті ол.