Төбет пен тазыны танытуға үлес қосқандар Президент алғыс хатымен марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қазақы тазы мен төбетті сақтау мен танытуға еңбек сіңірген азаматтар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін мен Мемлекет басшысы атынан тазы мен төбетті көбейту, сақтау және халықаралық аренада таныту тапсырмасын орындауда елеулі жетістіктерге қол жеткізген азаматтарды құттықтау құрметіне ие болдым. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан кинологтар одағы халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшесі болды. Халықаралық федерацияға мүше болу үшін біздің кинологтар біраз тер төкті. Өз атымнан сіздерді тазы мен төбетті қазақтың байырғы ит тұқымы ретінде халықаралық аренада таныту жолындағы алғашқы және маңызды жеңісіңізбен құттықтаймын», - деді Президент Іс басқарушысының орынбасары Сергей Хорошун салтанатты марапаттау шарасында.
Мемлекет басшысының алғыс хатымен 18 адам марапатталды.
Оның қатарында Қазақстан кинология одағының басшылығы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері және тағы басқалар бар.
«Қазақстанның халықаралық кинология федерациясының бас ассамблеясына қатысушы ел ретіндегі өтінішін 77 мемлекеттің 72-і қолдады. Көпшілік даусына ие болу - еліміздің беделі және Сыртқы істер, Экология министрлігінің және Президент Іс Басқармасының көмегімен Қазақстан кинологтар одағы жүргізген елеулі жұмыстың жемісі», - дейді ол.
Президенттің алғыс мәтіні осындай:
«Сіз Қазақстан кинологтары одағының халықаралық кинологиялық федерацияға толық мүше болуына, халқымыз ежелден жеті қазынаның біріне балаған құмай тазы мен тарлан төбетті сақтау және ұлғайту ісіне елеулі үлесіңізді қосып келесіз. Жемісті әрі нәтижелі еңбегіңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Отбасыңызға бақ-береке және жұмысыңызға табыс тілеймін».
Айта кетейік, тамызда Женевада халықаралық кинология федерациясы (FCI) бас ассамблеясының отырысы аясында ұйымдастырылған World Dog Show-2023 иттер көрмесіне Қазақстаннан екі тазы қатысатыны айтылды.
Аталған көрмеде қазақтың қос тазысы ең жоғарғы титулдарға ие болды.
Еске сала кетсек, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға ұлттық ит тұқымдары – қазақы тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ оны төлтума қазақы ит тұқымдары ретінде халықаралық деңгейде танытуды тапсырған болатын.
Аталған мәселені ҚР Президенті Іс басқармасы өз қарауына алып, жүйелі шешім қабылдау үшін мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысқа кірісті.