«Тобыл» футбол клубының директоры: Біз бұл жаңалықты күткен жоқпыз
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Тобылдың» директоры Николай Панин өз командасы мен ағылшындық «Уотфордтың» жейделерінің ұқсастығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Николай Панин агенттік тілшісіне берген сұхбатында спорт киімдерінің ұқсастығы заң тұрғысында ешқандай кедергі келтірмейтінін мәлімдеді.
«Біз Adidas компаниясының Қазақстандағы ресми өкіліне шығып, ұқсас жейделер туралы сұрастырдық. Ресми өкіл футбол формасын таңдау әр клубтың өздерінің шешімі екенін айтты. Сол себепті, біз Англия клубының ойын жейдесінің ұқсастығынан ешқандай кедергі көріп отырған жоқпыз. Бір фирма болғандықтан тауар каталогы да бірдей, сондықтан мұндай кездейсоқтықтар кездесіп тұрады. Біз бұл жаңалықты күткен жоқпыз. «Уотфорд» командасына бізге ойда жоқта жарнама жасағаны үшін алғысымды білдіремін», - деді «Тобылдың» директоры.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде «Тобыл» мен «Уотфордтың» ойын жейделерінің ұқсастығы қызу талқыға түскен болатын.