«Тобыл» футболшылары хоккей алаңына шығады
«Тобыл» футбол клубының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, футболшылардың екінші оқу-жаттығу жиындары бір айға созылады. Команданың бас бапкері Сергей Масленов айтқандай, әр аптаға арнайы дайындық жаттығулары бекітілген.
«Үш апта «Жастар» алаңында, бір апта орталық саябақта, тағы бір апта жаттығу «Технодом аренаның» мұз айдынында ұйымдастырылады. Соңғысы - биылдың басты жаңалығы. Футболшылар бірінші рет хоккей алаңында дайындалуда. Мұндай жаттығулардың пайдасы мол», - дейді бас бапкер.
«Тобылдың» қосалқы құрамы екінші жаттығу жиындарына 36 футболшы шақыртты. Олардың ішінен іріктелгендер командамен келісім-шартқа отырмақ.
Еске салсақ, «Тобылдың» негізгі командасы Түркияда дайындық жұмыстарына аттанды.
Осыған дейін «Тобыл» футбол клубына жаңа бас бапкердің келгенін жазған едік.