Тоғыз айда 144 мың қазақстандық автокөлік өндірілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов машина жасау саласының даму барысы жөнінде мәлімдеді.

Автокөлік өндірісі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Оның сөзінше, аталған сектор биыл тоғыз ай ішінде 22,8%-ға өсім көрсетті.

— Осы салада көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және темір жол техникасын, сондай-ақ тұрмыстық техниканы өндіру көлемі артты. Тоғыз айда шамамен жүз қырық төрт мың автокөлік құралы өндірілді. Оның ішінде жүз отыз алты мыңнан астамы — жеңіл автомобильдер, мың сегіз жүзге жуығы — автобустар, бес мың сегіз жүзге жуығы — жүк және арнайы техника, — деді Қуандық Қажкенов.

Мұндай өсімге ішкі сұраныстың артуы және бұрын іске қосылған жобалардың жоспарлы өндірістік қуатына жетуі әсер еткен.

— Салаға салықтық және кедендік жеңілдіктер де қосымша қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, тұрмыстық техниканы өткізу кезінде қосылған құн салығынан босату шарасы келесі жылдың соңына дейін қолданылады. Осыған байланысты, өндірістегі отандық үлесті арттыру, және Samsung сияқты ірі халықаралық компанияларды тарту үшін осы жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылады, — деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастағанын жазғанбыз.