Тоғызқұмалақ атауы өзгере ме – вице-премьер депутат сауалына жауап берді

Тогызкумалак Тоғызқұмалақ
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутатының тоғызқұмалақ зияткерлік ойнының атауын өзгертуге қатысты сауалына жауап берді.

«Әлемдік тәжірибеде бірдей ойындардың, заттардың, құбылыстардың әр тілде әртүрлі атауларын кездестіруге болады. Мысалы, әлемде футболды ағылшындар «футбол», итальяндықтар «кальчо», американдықтар «соккер» дейді. Зияткерлік ойынның бірі шахматты алсақ, оны бір елдерде «шатран», тағы бір елдерде «чесс», басқалары «шахмат» дейді. Түркі халықтарында да бірдей ойындар әр түрлі атаулармен аталады. Мысалы, қырғыз халқы «асық атуды» - «ордо», «күресті» - «алыш», «көкпарды» - «көк-бөру» деп атайды. Сонымен қатар «тоғызқорғоол» атауы қырғыз халқына, ал «мангала» аты түрік халқына тиесілі», - деп атап өтеді вице-премьер.

Үкімет башысының орынбасары халықтың жадында, сондай-ақ А. Краснов, Н.Пантусов, Б.Куфтин, Р.Карутц, М.Балақаев, Ә.Ақшораев, С.Аманжолов, С.Тілеубаев пен басқа да көптеген ғалымдардың еңбектерінде және М.Әуезовтың шығармаларында ойын «тоғызқұмалақ» деп аталғанын алға тартады.

«Оған қоса, қазақ халқына тиесілі мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ атауын өзгерту федерацияның да, басқа ұйымдардың да құзыретіне кірмейді. Жоғарыдағыны ескере отырып, ұлттың мәдени мұрасы болып табылатын мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойынының атауын өз қалпында қалдырғанды жөн деп санаймыз», - деді Тамара Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар