Тоғызқұмалақтан ел біріншілігінде батысқазақстандықтар төрт медальдің үшеуін ұтып алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында 18-22 қараша аралығында тоғызқұмалақтың блиц түрінен ерлер арасында өткізілген ҚР жекелей чемпионатында батысқазақстандық спортшылар аса табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тоғызқұмалақтан ел біріншілігінде батысқазақстандықтар төрт медальдің үшеуін ұтып алды

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, байрақты бәсекеге еліміздің 14 облысынан тоғызқұмалақ шеберлері қатысты.

Жарыс қорытындысында БҚО құрамасынан Сайлан Матылов чемпион атанса, Жарасхан Сағынбаев пен Әсет Қайыржанов қола жүлдені иеленді. Олардың бапкері - Дәулет Әбдікәрімов. Сөйтіп жеңіс тұғырына көтерілген төрт спортшының үшеуі батысқазақстандық болып шықты. Мұндай жетістік тоғызқұмалақ тарихында бұрын-соңды кездеспеген, дейді осы спорт түрін жақсы білетіндер.

Айта кетейік, аталмыш жарыста бірінші және екінші орынды иеленген спортшылар алдағы жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. 

null