10:35, 20 Шілде 2015 | GMT +5
Тоғызқұмалақтан компьютер бағдарламалары бойынша әлем чемпионатында қазақстандықтар І орын иеленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 17-19 шілде аралығында Чехия Республикасының Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан компьютер бағдарламалары арасындағы ІІІ әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды Штаттық ұлттық командалар мен спорттық резерв дирекциясының баспасөз қызметінен.
І орынды қазақстандық авторлар: Ернар Шамбаев, Диана Кенина және Серік Ақтаевтың бағдарламасы 6 ұпай жинап жеңіп алды. ІІ орын - Қырғызстан елінің авторларының бағдарламасы иеленсе, ІІІ орынға Чехия Республикасының авторлары дайындаған бағдарламасы лайық деп танылды.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және тоғызқұмалақтан Чехия Республикасының федерациясы халықаралық деңгейде насихат жүргізу үшін зияткерлік ойындарды жазатын әлемнің үздік программистерін тартуға ден беруде.