Тоғжанов «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтын дамыту жөніндегі кеңеске қатысты
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов алғы сөзінде Абай шығармаларын халық арасында, әсіресе, өскелең ұрпақ арасында кеңінен түсіндіру мен насихаттау қажеттігін атап өтті.
Іс-шара барысында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының қызметі мен жоспарлары туралы баяндады.
Баяндамашы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылғы желтоқсанда Ұлы ақынның шығармашылық өмірбаянын объективті бағалау және терең зерттеу үшін Еуразия ұлттық университетінде ашылғанын және бүгінде 100-ден астам ғалымның академия аясында этнолингвистика, әлеуметтану, тарих және мәдениет тұрғысынан Абай жұмыстарын зерттеп жатқанын хабарлады.
«Абай академисы» ғылыми-зерттеу институты ашылғаннан бері 100 данадан 16 кітап шығарып, таныстырды, сонымен қатар жыл соңына дейін 10-ға жуық ғылыми еңбек шығаруды жоспарлап отыр. ЕҰУ ректоры институттың зерттеу бағытындағы өз ұсыныстары бойынша одан әрі жұмыс жүргізілетінін айтып өтті.
Абайдың Қара сөздеріне жаңа түсінік беру, «Абайдың ақындық әлемі» тақырыбында монографиялар, ғылыми еңбектер шығару мен тарату, «Абай және қазақ қоғамы» тақырыбында гуманитарлық ғылымдар саласында зерттеулер жүргізу, абайтанушылардың еңбектерін серияларда басып шығару ұсынылды.
Университет ректоры «Абай Құнанбаевтың мұрасы: қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісіндегі жаңа ұғым», сондай-ақ «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбаевтың мұрасы: сабақтастық және ықпал» атты екі ғылыми жобаға баса назар аударды. Сондай-ақ осы жобалардың ғылыми-зерттеу траекториясы анықталып, оған Абайды зерттеу бойынша барлық орталықтар қатыса алатынын атап өтті.
Жобалар аясында ақынның мұрасы туралы ғылыми басылымдар (монографиялар, ғылыми еңбектер, оқу материалдары) шығару, сондай-ақ қазақ және әлем әдебиеті, тарих мәселелері бойынша шетелдік ғалымдармен, халықаралық бірлестіктермен, ғылыми орталықтармен бірлескен жұмыс жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.
Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бірқатар министрліктерге нақты тапсырмалар жүктеді және Білім және ғылым министрлігіне «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бастамаларын қолдау қажет екенін ерекше атап өтті. Бұған қоса кеңеске қатысушыларға аталмыш институттың қызметі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бақылауында екенін еске салды.