12:29, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Тоғжанов Ғаббас
Тоғжанов Ғаббас (1900-1937) – қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист.

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында дүниеге келді. Омбы гимназиясын бітіріп, Ташкенттегі Орта Азия университетінде, Мәскеудегі В.Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында блім алды. Жас кезінде Омбы қаласында құрылған «Бірлік», «Жас азамат» қазақ жастарының ұйымдарына қатысты. Мәскеуде оқып жүргенде қазақ студенттерінің жерлестік ұйымының жұмысына белсене араласып, әдебиет, әлеумет мәселелері туралы өзінің пікірлерін сол кездегі қазақ тілінде жарық көретін «Темірқазық» журналына жазып отырды.
1919-1924 жылдары Ресей коммунистік жастар одағы Сібір бюросы жанындағы қазақ-татар секциясының хатшысы, «Еңбекші жастар» газетінің редакторы, Ақмола губерниялық төтенше комиссиясының хатшысы, Ақмола жалпы білім комитетінің алқа мүшесі, Ташкентте шыққан «Жас алаш» газетінің жауапты хатшысы, КСРО Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты Орталық Күншығыс баспасы қазақ секциясының хатшысы болды. 1924-1937 жылдары БК (б) П ОК баспасөз бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан өлкелік партия комитеті баспасөз бөлімінің нұсқаушысы, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі жанындағы көркемөнер істері жөніндегі басқарманың бастығы қызметтерін атқарды.
Тоғжанов қазақ әдеби сынының қалыптасып дамуына зор үлес қосты. «Мағжанның ақындығы, Жүсіпбектің сыны», «Екі жастың әңгімесі», «Әдебиет және сын мәселелері», «Қазақтың театр өнері туралы» (І.Жансүгіровпен бірге), «Абай» кітаптарының және қазақ тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері туралы жүздеген мақалалардың авторы.
Қоғам қайраткері 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды.
Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том