Тоқаев апат орнынан хабар таратқан журналистер туралы: Бұл – кәсіпке адалдықтың шынайы көрінісі

None
Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақордада журналистерді БАҚ кәсіьби мерекесімен құттықтаған Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің саяси реформалар аясында сөз бостандығын қорғау үшін қажетті шара қабылдап жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі – Әділетті Қазақстанның айқын көрінісі. Елімізде қаламын қаруына айналдырған тілшілер аз емес. Кейде олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жатады. Ондай тілшілерді Адал азаматтар десек, артық болмайды. Мен бұл туралы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айттым», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Ол сондай-ақ жалған, фейк ақпарат таратып, жұртты дүрліктіретін адамдар бар екенін тілге тиек етті.

«Журналистер әрдайым төтенше оқиғалардың алдыңғы шебінде жүреді. Олар пандемия кезінде, Қостанай, Абай облыстарындағы табиғат апаты болған кезде жедел ақпарат таратты. Кейде жеке басына қауіп төнсе де, елге хабар жеткізді. Бұл – патриотизмнің, кәсіпке адалдықтың шынайы көрінісі. Біз елімізді өркендету үшін ауқымды шараларды қолға алдық. Әрине, атқаратын жұмыс, еңсеретін кедергі аз емес. Дегенмен осы жұмысты, оның нәтижесін халыққа сауатты әрі уақытылы түсіндіру маңызды. Сонымен қатар азаматтардың көкейінде жүрген өзекті мәселені, түрлі түйткілді билікке жеткізу де – тілші қауымның міндеті. Осылайша, біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыра аламыз. Сондықтан халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған медиа саласының мамандарына зор жауапкершілік жүктеледі», - деп атап өтті Президент.


Соңғы жаңалықтар