Тоқаев Баладжи Шринивасанмен кездесті: Қазақстанда Network School іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Network School жобасының Қазақстандағы технологиялық экожүйенің қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Тоқаев Баладжи Шринивасанмен кездесті: Қазақстанда Network School іске қосылды
Фото: Ақорда

Президент еліміз технологияны терең меңгерген көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін білім, ғылым және цифрлық құзыретке белсенді инвестиция салып жатқанына назар аударды.

Осы орайда, Мемлекет басшысы жобаның негізін қалаушыға жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасы келешек ұрпаққа маңызды әрі шын мәнінде салмақты мұра қалдыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Тоқаев Баладжи Шринивасанмен кездесті: Қазақстанда Network School іске қосылды
Фото: Ақорда

— Бағдарлама аясында жаппай әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, соның ішінде мектептер, университеттер мен медицина мекемелерін салу жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын және жобаның Қазақстан университеттерімен, стартаптарымен, сондай-ақ технологиялық кәсіпорындарымен серіктестікті кеңейту ниетін құптады, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Президент Astana AI Film фестиваліне инвестициялық тұрғыдан қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға ризашылығын білдірді. Network School негізін қалаушы Қазақстанда озық технологиялық шешімдер мен экономиканың дәстүрлі салалары үйлесім тауып отырғанын айрықша атап өтті.

Баладжи Шринивасан Network School Kazakhstan жобасының басым бағыттарын таныстырды. Онда цифрлық шешімдерді ілгерілету, адам капиталын дамыту және инновациялық әзірлемелерді енгізуге қолайлы жағдай жасау көзделген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Баладжи Шринивасан негізін қалаған Network School жобасы $2 млрд бағамен инвестиция тарту кезеңіне өткенін жаздық. Штаб-пәтері Қазақстанда орналасқан компания Астанада технологиялық кампус ашып, халықаралық мамандар мен стартаптарды тартуды жоспарлап отыр.