Тоқаев барша мұсылман қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтады

АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XVI отырысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев барша мұсылман қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тоқаев барша мұсылман қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтады

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының отырысында жүздескеніме қуаныштымын. Сіздер әрдайым дінаралық түсіністікті нығайту жолындағы Қазақстанның игі бастамаларына белсенді түрде қолдау көрсетіп келесіздер. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі жұмысына қосқан айтулы үлестеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Бұл ынтымақтастық ары қарай да табысты жалғасын табады деп сенемін. Барлық қатысушылардың атынан барша мұсылман қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер», деді отырысты ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетерлігі, отырысқа Әл-Азхар Жоғарғы имамының сыртқы байланыстар жөніндегі кеңесшісі Әбділрахман Мұса, Дүниежүзілік Ислам лигасы Бас хатшысының кеңесшісі Мункиз Ас-Сакар, СаудАрабиясы Корольдігі Ислам, вакуфтер және үндеу істері жөніндегі министрінің кеңесшісі Абдулла ибн Фахд әл-Лхидан, Иран Ислам Республикасының мәдениет және исламдық байланыстар жөніндегі ұйым президентінің орынбасары Гахраман Солеймани, Исламабад халықаралық ислам университеті Исламды зерттеу институтының бас директоры Мұхаммад Зия Уль-Хак, «Нұр-Мүбәрак» Мысыр Ислам университетінің ректоры Гоуда Басиуни, Франция метрополиті Эммануил Адамакис, Армян Апостол шіркеуінің украиндық епархиясының жетекшісі Маргос Оганесян, Бэдфорд епископы Ричард Аткинсон, сондай-ақ Қазақстандағы дінбасшылары мен бірқатар мемлекеттік орган өкілдері қатысуда .