Тоқаев бірқатар елдердің экс-президенттеріне Қазақстанның қазіргі қадамдарын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тарапы Еуроодақ пен Ресей арасындағы қатынастарды жақсартуға күш-жігерін салып жатыр. Бұл туралы Астана клубының үшінші отырысы аясындағы панельдік сессия жұмысында ҚР Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тоқаев бірқатар елдердің экс-президенттеріне Қазақстанның қазіргі қадамдарын түсіндірді

«Еуропа Қазақстан үшін өте маңызды деп пайымдаймыз. Менің ойымша, сонымен қатар Еуропа барша Орталық Азия үшін де маңызды. Осы орайда аталған өңір Еуропа үшін де маңызы жоғары ойыншыға айналуда. Сондықтан да Еуропаның біздің сыртқы саяси бағытта орны ерекше болары анық», - деп тоқталды Қ. Тоқаев.

Осы орайда Сенат Төрағасы Еуропа Қазақстан үшін негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін еске салып өтті.

«Бүгін біз ЕАЭО-ның да маңыздылығына тоқталдық. Бұл тағы бір интеграциялық бірлестіктің бірі. Осы ұйым аясында тиісті проблемалар бар екенін мойындау керек, бұл өз кезегінде батыстың Ресейге қарсы қойылған санкцияларынан туындап отыр. Қазақстан мен Ресейдің шекарада шектесетін аумағы айтарлықтай үлкен, сондықтан бұл санкциялар Қазақстан үшін де кері әсер етуде»,  - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте ҚР Сенатының Төрағасы бүгінде Қазақстан тарапы АҚШ, Ресей, Еуроодақ ұстанымдарын біріктіруге тырысып жатқанын қадап айтты.

«Біз оларды ымыраға келтіруге тырысудамыз, яғни тек сауда саласында ғана емес, сонымен қатар күрделі саяси мәселелерде бір мәмілеге келтіруге күш-жігерімізді салудамыз. Әрине, бұл  оңай шаруа емес. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін көп уақыт керек, алайда бұл проблемаларды шешпей, еркін сауда жайында айту  қиындау»,-деп түсіндірді ол.

 Айта кетейік, «ЕО - Үлкен Еуразия: серіктестік пен даму векторлары» атты саясаттанушылардың ашық панельдік сессиясына Түркияның бұрынғы перзиденті Абдолла Гүл, Чехияның экс-президенті Вацлав Клаус, Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюрк қатысуда.