Тоқаев Черногория Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Черногория Президенті Яков Милатовичке көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы Черногория Президенті Яков Милатовичке көңіл айту жеделхатын жолдады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Цетине қаласында орын алған жантүршігерлік оқиға салдарынан көптеген адамның, соның ішінде балалардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

— Президент Черногория халқының қайғы-қасіретіне ортақтасып, жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді, — делінген хабарламада.

Еске салсақ, Черногорияда тавернадағы кикілжіңнен кейін 45 жастағы ер адам үйіне мылтық алу үшін оралып, қайта оқ жаудырған. Содан кейін ол өзіне қол жұмсамас бұрын таверна қожайынының балалары мен әйелін атып тастаған.

Черногория билігі үш күндік қаралы күн жариялады.

Бүгін Черногориядағы атыстан қаза тапқандар саны 12-ге жеткені белгілі болды.

Бұған дейін Тоқаев Жаңа Орлеандағы қайғылы оқиғаға байланысты АҚШ Президенті Джозеф Байденге көңіл айтты.

Соңғы жаңалықтар