Президент CITIC Group-тың Қазақстандағы жобаларына жоғары баға берді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуаны қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесуде энергетика, мұнай-химия өнеркәсібі, автожол құрылысы, минералды сектор, ауыл шаруашылығы және басқа да негізгі салалардағы серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен оны нығайту перспективасы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау битум зауытын жаңғырту жобасын тиімді іске асырғаны үшін CITIC Group компаниясына алғыс айтты. Өндіріс орнындағы жұмыстар биыл сәуір айында мерзімінен бұрын аяқталды. Сондай-ақ Президент Қазақстанның сенімді инвестициялық серіктесі ретінде CITIC Group компаниясының қызметіне жоғары баға берді. Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланысты нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті.

Ал Си Гохуа корпорацияның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту, мұнай құбырларын тарту, Орталық – Батыс автокөлік жолын жөндеу, астықты терең өңдеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
Бұған дейін Президент ТМҰ-ға мүше елдердің орталық банктері өкілдерінің кеңесіне қатысқанын жаздық.