Тоқаев: Екі мемлекет арасындағы байланыс еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Начались переговоры Токаева и Путина
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы аталған сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санайды.

— Бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын толық көрсетеді. Бұл бірегей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды. Менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі екі жетекші мемлекет арасында орнаған жан-жақты байланыстың ауқымы, шын мәнінде, еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды. Бұл тұжырымдаманы бірқатар мүдделі мемлекет талқылап, зерделеуде. Ең бастысы, бізді ғасырлардан тамыр тартатын бай тарихымыз, белсенді мәдени-рухани байланыстарымыз, ортақ құндылықтарымыз, заманауи сын-қатерлерге қатысты ұқсас көзқарасымыз бен болашаққа бағдарымыз біріктіреді. Осындай берік негізге құрылған стратегиялық серіктестігіміз барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін мәні зор бірқатар мерейтойлық дата аталып өтті. Біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын лайықты деңгейде мерекеледік. Осылайша, Отанды қорғау және Ұлы Жеңіске жету жолында әлем тарихында бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін паш еткен нағыз батырлар мен патриоттарды еске алып, құрмет көрсеттік. Әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы да айтулы оқиға болды. Бұл — ғарышты игеру ісінде ұзақ жылдар бойы ғылыми-техникалық ынтымақтастығымызды танытып келе жатқан бірегей жоба. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 20 жылдығы — маңызды меже. Біздің құрлық арқылы өтетін әлемдегі ең ұзын шекарамыз — тату көршіліктің жарқын символы, — деді Тоқаев.

Осыдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізгені хабарланды.

 

Соңғы жаңалықтар