Тоқаев Израиль мен Жапония елшілерін қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Израиль елшісі Михаэль Бродскийді оның өтініші бойынша қабылдады.
Төраға Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың желтоқсанда Қазақстанға жоспарланған алғашқы ресми сапарының маңызды сипатын атап өтті. Қ. Тоқаевтың пікірінше, алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер екіжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтеретін болады. Сенат басшысы парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту жайында да айтты.
Израиль елшісі Б. Нетаньяху сапары аясында бірқатар екіжақты келісімдерге қол қоюға әзірлік туралы хабардар етті. М. Бродский сондай-ақ қазақстандық және израильдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Шимон Перес туралы естелік мақаласы үшін Сенат Төрағасына алғыс айтты.
Сол күні Қ.Тоқаев Жапония Елшісі Итиро Кавабатомен де кездесті. Жүздесушілер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарашаның басындағы Жапонияға ресми сапары зор табыспен өткенін атап өтті. Қ. Тоқаев Токиодағы келіссөздер екіжақты ынтымақтастық саласында нақты нәтижелерге жеткізді деп санайды. Дипломаттың айтуынша, Қазақстан Президентінің Жапония Парламентіндегі жарқын да мазмұнды сөзін қос палатаның депутаттары ерекше жоғары бағалады.
Кездесу барысында жаһындық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы екі мемлекет ынтымақтастығының келешегі талқыланды.