Камбоджа премьер-министрінің Қазақстанға сапары тарихи мәнге ие – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Тоқаев Камбоджамен тікелей әуе қатынасын ашуды пысықтауға шақырды
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективасына жол ашатынын айтты.

Тоқаев Камбоджамен тікелей әуе қатынасын ашуды пысықтауға шақырды
Фото: Ақорда

– Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз. Қазақстан халқының еліңізге ықыласы ерекше. Көптеген отандасымыз Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Камбоджа табиғи байлығы мол елдер санатында екенін және аталған саладағы ықпалдастықты кеңейтуге болатынын айтты. 

Сонымен қатар келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылатынын жеткізді.

Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қарсы алды.

Еске сала кетсек, биыл шілде айында Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция аясында Мемлекет басшысы Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездескен еді. Хун Манет Камбоджаның Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін растады.