Тоқаев қатысатын Доха форумы қандай мәселелерді талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қатар астанасы Доха қаласында 7,8 желтоқсан күндері жаһандық сын-қатерлерді талқылап, түрлі саладағы инновациялық шешімдерді іздеуге арналған халықаралық форум (Doha Forum) өтеді. Kazinform агенттігі аталған іс-шараның маңызы туралы шолу ұсынады.

Дохийский форум 2024
Фото: @DohaForum

Беделді диалог алаңы

Бұл жолы форум «Дипломатия, диалог, әралуандық» тақырыбын ұран етіп алып отыр.

Жалпы бұл іс-шара 2000 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Форум ширек ғасырға жуық уақытта әлем көшбасшылары мен сарапшылардың, азаматтық қоғам өкілдерінің арасындағы беделді диалог алаңына айналды.

«Әлемді шекаралар біріктіріп тұрғаны сияқты ортақ проблемалардың шешімін де өзара байланыстан табуға болады», - деп жазылған іс-шараның ресми сайтында.

Жыл сайын бұл форумға мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілері, Сыртқы істер министрлері мен парламенттердің өкілдері, ғалымдар мен кәсіпорын басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін жиналады.

Қатар
Фото: Ақорда

Инновация игілігі

Биылғы 22-ші форум «the Innovation Imperative» тақырыбымен өтеді. Яғни, оған қатысушылар жаһандағы өзекті мәселелерді инновациялық шешімдерді ұтымды пайдалану арқылы шешудің жолдарын талқыламақ.

- Доха форумында біз технологияларды басқарудан бастап бейбітшілік орнату тақырыбына дейінгі жаһандық ауқымдағы мәселелерді диалог алаңына шығарып, әлем көшбасшыларының басын қосамыз. біріктіреміз,-дейді Доха халықаралық форумының бас менеджері Маха Әл-Кувари. 

Форумның күн тәртібіне іріктелген мәселелер төңірегінде 80-нен астам пікірталас сессиясы ұйымдастырылады.

Мәртебелі меймандар

Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, биылғы іс-шараға 150-ден астам елден 4500-ден астам адам шақырылған. Олар 300-ден астам сарапшының пайымын тыңдап, ой қорытуға мүмкіндік алмақ. Форумда сөз алатын 7 мемлекет басшысының ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

Форумда Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сессия өткізіп, заманауи қауіп-қатерлерге «орта» державалардың рөліне лайықты назар аудару арқылы қарсы тұру жолдары туралы пайымын бөліседі. Бұл туралы Қазақстанның Қатардағы Елшісі Арман Исағалиев Gulf Times газетіне берген сұхбатында айтқан.

- Президенттің Доха форумына қатысуы Қазақстанның инновацияларды жеделдету және технологиялық прогреске жәрдемдесу жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларына негізделген, - дейді елші ол сұхбатта.

Форумның «Инновация игілігі: жаһанды технологияларды басқара отырып дамыту» атты панельдік сессиясында Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев сөз сөйлейді деп жоспарланған. Ал «Орталық Азия және жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа дәуірі» атты сессияны KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ашады.

Форум қарсаңындағы сәрсенбіде «Doha Forum Youth edition 2024» жастар форумы өтіп, оған 90 елден 150 жас сарапшы қатысты.

Былтырғы форумда әлемнің 120-дан астам елінен 3500 қонақ шақырылған болатын.

Соңғы жаңалықтар