Тоқаев: Қазақстанды қауіпсіз елге айналдыру – менің басты міндетімнің бірі
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында әсіре діншілдермен күрес туралы пікір білдірді.
«Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр.
Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келе жатқанын атап өтті.
«Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді.
Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек», - деді Президент.