Тоқаев: Қоғамның ең ауқатты бөлігін Әділетті Қазақстанды құруға қатыстыру шаралары жасалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қоғамның ең ауқатты бөлігін Әділетті Қазақстанды құруға қатыстыру шаралары жасалып жатыр. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тоқаев: Қоғамның ең ауқатты бөлігін Әділетті Қазақстанды құруға қатыстыру шаралары жасалуда

«Біз қоғамның ең ауқатты бөлігін Әділетті Қазақстанды құруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға және адам капиталына инвестицияны арттыруға қатыстыру шараларын жасап жатырмыз. Жақында балаларға арналған Ұлттық қор құру туралы бастама көтердім. 2024 жылдан бастап Ұлттық әл-ауқат қорының инвестициялық кірісінің 50 пайызы кәмелеттік жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір «Қазақстан халқына» арнайы жеке қайырымдылық қоры да қарапайым азаматтарға денсаулық, білім, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерінде көмек көрсетіп келе жатқанын айтты.

«Әйелдердің құқығын одан әрі кеңейтуді және олардың экономикалық және әлеуметтік өмірге қатысуын қамтамасыз ету – біздің мақсатымыз», - деді ҚР Президенті.