Тоқаев қытай инвесторларын Каспий портының мүмкіндігін бірлесіп кеңейтуге шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Қытай» саммитінде қытайлық инвесторларды Каспий порттарының мүмкіндігін бірлесіп кеңейтуге үндеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Транскаспий халықаралық көлік маршруты Қытай – Орталық Азия – Еуропа» маршрутының негізгі бөлігінің бірі болып есептеледі. Қазіргі кезеңде бұл тасымал өзегі стратегиялық мәнге ие болып тұр. Біз оның өткізу қабілетін инфрақұрылымды жаңғыртып, цифрлық шешімдер арқылы арттыруға ниеттіміз», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай бұл аймақтағы негізгі жүк жөнелтуші ел екенін еске салды.
«Осыны ескерсек, аталған маршруттың іркіліссіз әрі максималды мәнде жүктелуін қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігерімізді белсенді ете түсу керек деп есептейміз. Қытайлық әріптестерімізді Каспий теңізіндегі порттардың мүмкіндігін кеңейтуде, олардың қызметін цифрландыруда, сондай-ақ, тасымалдаушы кемелерді бірлесіп өндіруде өзара тиімді әріптестікке шақырамыз. Біздің елдер үшін «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының келешегі зор. Бұл магистраль Шығыс Азиядан Парсы шығанағына апаратын қысқа жолдардың бірін дамытудағы маңызды буын бола алады», - деді Президент.