Тоқаев Лаос компанияларын АХҚО мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос компанияларына Қазақстан нарығына шығудың тиімді жолын ұсынды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ол Лаос компанияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеңілдіктерін барынша пайдалануға шақырды.
— АХҚО бизнес ашу мен инвестиция тартудың халықаралық алаңына айналды. Онда әлемнің 90-нан аса елінен келген 6300-ден астам компания тіркелген. АХҚО платформасы арқылы Қазақстанға 27 миллиард доллар инвестиция тартылды. АХҚО Лаос компаниялары үшін Қазақстан нарығына шығатын әрі Орталық Азиядағы қызметін кеңейтетін тиімді құрал бола алады, — деді ол.
Әңгімелесу кезінде мәдени-гуманитарлық және туризм салаларындағы ықпалдастық перспективасына ерекше назар аударылды.
Екі елдің жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнатудың, академиялық алмасу мен бірлесе кадр даярлау аясын кеңейтудің, сұранысқа ие лаостық мамандарды Қазақстанда оқытудың әлеуеті зор.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос басшылығының елімізге алғашқы сапарын маңызды қадам ретінде бағалағанын жазғанбыз.