Тоқаев: Медицина өнімдерін сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Індетпен күрес кезінде дәл сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек», - деді Мемлекет басшысы.
Президент отандық тауар өндірушілермен жасалатын offtake келісімшарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажеттігін баса айтты.
«Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім. 2025 жылы оны елу пайызға жеткізу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.