Тоқаев: Мемлекеттік қызметшілердің бойында «цифрлық менталитетті» дамыту маңызды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқын цифрлық экономикаға жаппай тарту керек. Бұл туралы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тоқаев: Мемлекеттік қызметшілердің бойында «цифрлық менталитетті» дамыту маңызды

«Бүгінде цифрлық технологиялар жаһандық экономикалық дамудың негізгі факторларының біріне айналып отыр. Цифрландыру ел экономикасының болмысын түбегейлі өзгертіп, еңбек өнімділігінің артуы мен өмір сапасының жақсаруына зор ықпалын тигізуде. Мемлекет басшысы айқындап бергендей, цифрландыруды кеңінен қолданысқа енгізу - елімізді жаңғыртудың басты бағыты. Бұл туралы Елбасы бүгінгі «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында да тағы да атап өтті», - деп тоқталды Сенат төрағасы парламенттік тыңдау барысында.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға қарай цифрландыру арқылы ішкі жалпы өнімнің 19 пайыздан 34 пайызға дейін өсуі күтілуде. Болжам бойынша 2020 жылға қарай цифрландыру әлем экономикасының төрттен бірін құрайтын болады.

Бұл тұрғыда ол цифрлық технологиялар заман талабы екенін, олар қоғам өміріне әсерін молынан тигізіп жатқанын атап өтті.

«Соның нәтижесінде денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Соған қарай коммуникациялар мен ақпараттық жүйелерге және көрсетілетін қызметтерге жаңа талаптар қойылуда. Серпінді дамып келе жатқан алдыңғы қатарлы мемлекеттер цифрлық экономиканы дамытуға белсенді түрде басымдық беруде. Бұл - жаһандық күн тәртібінің аса маңызды бағыты. Цифрлық экономиканы қалыптастыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген елдерге тән ортақ сипат бар. Ол - инновацияны енгізуге қолайлы жағдай туғызып, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымға қомақты инвестиция салу», - деді Тоқаев.

Сенат төрағасы зерттеулерге сүйене отырып, алдағы 10-20 жылда қазіргі кәсіптердің жартысына жуығы қажетсіз болатынын жеткізді. Осы орайда елімізге экономиканың перспективалы қажеттіліктеріне сәйкес, отандық білімді жаңғырту керек.

«Халық арасында, бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің бойында «цифрлық ділді» дамыту өте маңызды. Олар жаңа цифрлық шынайылықта тиімді жұмыс істей білуі тиіс. Бұл ретте халқымызды цифрлық экономикаға жаппай тартуға тиістіміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.