Қазақстан Кореямен бірлескен логистикалық кәсіпорын құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы ортақ күн тәртібіндегі көлік және логистика саласының өзектілігіне назар аударды. Оның айтуынша, Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан Қазақстан заманауи әрі тиімді көлік-логистика желісін қалыптастыру арқылы осы географиялық артықшылықтың игілігін көруді көздейді.
– Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін, жылдамдығы мен сенімділігін арттыру үшін теміржол, автомобиль жолдарына, теңіз порттарына, терминалдар мен жалпы инфрақұрылымға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Орта дәліздің дамуына Кореяның да үлес қосар кезі келді деп ойлаймын. Қазақстан елімізде заманауи логистикалық орталықтарды, мультимодальді терминалдар, қойма кешендері мен жеткізу тізбегін басқаруға арналған цифрлық шешімдерді дамытып жатқан CJ Logistics және LX Pantos секілді кореялық логистика компаниялардың қадамын құптайды. Аталған жұмысты ілгерілету үшін жаңа логистикалық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға көмектесетін, сондай-ақ кореялық жүктердің еліміздің аумағы арқылы кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз ететін Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнын құруды ұсынамын. Қазақстандық Shin-Line компаниясы мен Lotte Global Logistics осы саладағы серіктестік жоспарын іске асыра бастағаны қуантады, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.
– Еліміздің жасанды интеллект саласындағы стратегиясында адам капиталы негізгі рөл атқарады. Технологиялық көшбасшылық, сайып келгенде, адамдарға және олардың инновацияны игеру қабілетіне байланысты. Осы орайда Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірге Қазақстанда алғашқы Жасанды интеллект институтын құру бастамасын жоғары бағалаймыз. Біз Еуразиядағы ең ірі деректер өңдеу орталықтарының экожүйесін қалыптастыруға кірістік. «Деректер өңдеу орталықтарының алқабы» энергия ресурстарына бай Павлодар облысында орналасады. Жоба бір гигаватқа дейін қуатты қамтамасыз етеді. Кейін оның ауқымын тағы да кеңейтуге болады. Оған арнайы жер телімі бөлінеді және ұлттық суперкомпьютер қуатымен ұштастыруға мүмкіндік бар. Мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның басты есептеуіш технологиялар хабына және Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналдыру. Бұл жоспар Кореяның технологиялық компаниялары үшін бірегей мүмкіндік береді. Жасанды интеллектінің қосылған құн тізбегіндегі барлық кезеңінде пайдасын көргіміз келеді. Сондықтан Қазақстан микроэлектроника және жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті материалдар мен компоненттердің сенімді жеткізушісі бола алады. Осы ретте Samsung Electronics және SK Hynix секілді саланың әлемдік көшбасшыларымен нақты ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетелік Мемлекет басшысы Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйлеген еді.