Тоқаев пен Макронның ортасындағы қазақ қызы туралы не білеміз
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапары кезінде екі ел президентінің ортасында тұрған қазақ қызының фотосы тарады.
Суреттегі қандасымыз – Есім Махмұтқызы (Yeşim Savaş) - өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңында Қытайдан босып, Түркияға жеткен қазақтардың ұрпағы.
Ол 1991 жылы Парижде дүниеге келген. Кейін әкесі Махмұт Саваш жұмыс бабымен отбасымен бірге Францияның солтүстігіндегі Крей қаласына қоныс аударады. Есім осы жерде өсіп, 2020 жылы қала мэрінің орынбасары болып сайланған.
«Шығыс Қазақстанның Зайсан өңірінде дүниеге келген Зуқа батыр атамыздың шөбересі, Францияның Крей қаласы әкімінің орынбасары жиеніміз Есім Саваш Махмұтқызы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Елисей сарайында Франция президенті Эмманюэль Макрон атынан ұйымдастырылған мемлекеттік кешкі қабылдауға арнайы шақырумен қатысты. Шет елдердегі күллі қазақ баласының мақтанышы - тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасасын!» - деп жазды өзінің әлеуметтік желісінде Германияда тұратын қандасымыз Өмірхан Алтын.
Есім білімі бойынша мұғалім және экономист. 2012 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға белсенді араласа бастайды. Кейін Крей қаласы жастарының кеңесіне мүше болып қабылданады. Бұған дейінгі сұхбаттарында айтқандай, Крей жастар кеңесі қала бойынша түрлі жобаны жүзеге асыру үшін 15-21 жас аралығындағы жастарға арнап форумдар өткізген.
«2014 жылы муниципиалдық кеңеске сайланған кезде мен халықаралық қатынастармен айналыстым. Айта кету керек, Крей қаласы әлемнің 12 қаласымен тығыз байланыс орнатқан. Біз – Крейдегі жалғыз қазақ отбасымыз. Сондықтан Қазақстанмен байланысымызды нығайтсақ, жақсы болар еді. Мен осыған дейін әлемнің бірқатар қаласымен, соның ішінде Түркияның Кушадасы қаласымен де байланыс орнаттым. Қазақстанның бір қаласымен байланыс орнатсам, мен үшін абырой болар еді», - деген еді бір сұхбатында.
Есім Саваш 2023 жылы Астанада өткен «Отандастар» форумына қатысып, шетелдегі қандастардың мәселесін көтерген болатын.
«Францияда шамамен 13 жылдан бері жұмыс істеп келемін. 2014 жылы мен қалалық басқару органдарында қызметке араластым. Содан кейін қала әкімінің орынбасары болып сайландым. Биыл Крей қаласы жастарының мәселесін жеткізу үшін бар күшімді салдым, енді оны Сенатқа жеткізгім келеді. Жастар өз көзқарасын жақсы жаққа өзгертіп, саясатқа араласып, әлемнің дамуына үлес қосуға мүмкіндігі бар. Қазақстанда Еуропадағы қазақстандық жастар үшін жаңа жобалар қолға алынғанын білемін. Еуропадағы қандастардың басты мәселесінің бірі - кейбіреулер өзінің қазақ екенін дәлелдей алмайды. Осындай мәселе көп қазақтың басында бар. Сондықтан қазақстандық тарап бұл проблеманы жүйелі түрде шешсе екен», - деді Есім Саваш форумда сөйлеген сөзінде.
Крей қаласы (фр. Creil) - О-де-Франс аймағына, Санлис округіне жататын, Францияның солтүстігіндегі қала.
Айта кетсек Зуқа батыр Сәбитұлы – ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ел-жерімен бөтен жұрттың бодандық езгісінде қалып қойған қазақтарды аумалы-төкпелі заманның алуан түрлі апатынан қорғаған тұлға.
Зуқа батыр 1866 жылы Зайсанның Кендірлік өңірінде білімді отбасында дүниеге келген Оның әкесі Шығыс Қазақстанда аса танымал болған Сәбит Дамолла.